Петропавл ЖЭО-2 жаңа түтін құбырын салуды жалғастыруда. Оған станцияның 12 қазандық агрегатының жетеуін қосу жоспарлануда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпорындағы құбырдың құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Осыдан кейін қазандықтар қосыла бастайды.
— Жаңа түтін құбырына станцияның 12 қазандық агрегатының 7-і қосылатын болады, бұл 2024 жылы №2 түтін құбырын жұмыстан шығаруға және одан әрі тұтынушыларды жылумен және электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құбырды салу бойынша барлық жұмыстар жылу және электр энергиясын өндіруді тоқтатпай жүріп жатыр, бұл қаланың энергиямен жабдықталуына әсер етпейді, — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Құбырды тұрғызу кезінде жылжымалы қалып әдісі қолданылады. Бұл әдіс салынып жатқан құбырды күніне екі метр немесе одан да көп ұзартуға мүмкіндік береді.
Жаңа мұржаның биіктігі 180 метр болады.