Тұрақтылық кепілі

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Өңір жетекшісінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің төрағалымен Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының 32-ші сессиясы өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Жиынға этно-мәдени орталықтардың төрағалары және қоғамдастық өкілдері қатысты. Іс-шара барысында Сәтжан Айтенұлы сессияға қатысушыларға өңіріміздегі ұлтаралық келісім мен бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Қазақстан аумағында 130-дан астам түрлі этнос өкілі достық, татулық пен келісімде өмір сүруде. Ұлтаралық қатынастарды нығайту жолында еңбек етіп жатқан 29 этно-мәдени бірлестіктің басын қосқан Қазақстан халқы ассамблеясы өңірлік филиалының алар орны ерекше.

—  Ассамблея бұрын ешбір елде болмаған ұйым. Бүгінгі күні оның тиімділігін бүкіл әлем қауымдастығы мойындауда. Бұл құрылым еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі болып саналады. Өңірде этностардың мәдениеті мен дәстүрін сақтауға, келісім мен бірлікті нығайтуға қосқан үлестеріңіз үшін сіздерге облыс әкімі Айдарбек Сейпілұлының және өзімнің атымнан алғысымды білдіремін, — дейді облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Айтенұлы.

Қазақстан халқы ассамблеясының басты мақсаты — елдегі рухани құндылықтар негізінде жаплыұлттық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету. Былтыр этно-мәдени бірлестіктердің бастамасымен солтүстікқазақстандықтардың этносаралық қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған 600-ден астам түрлі іс-шара өткізілді.

—  Облыста 47 аналар кеңесі жұмысы істейді. Былтыр 2,5 мыңнан астам адамды қамтыған 67 іс-шара ұйымдастырылды. ҚХА-ның ең маңызды құрылымдық бөлімшесі – медиация кабинеті. 2022 жылы шаһарда мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық бірлестік өкілдері, департамент қызметкерлері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысқан «Этносаяси менеджмент негіздері» атты облыстық семинар өтті, — дейді ҚХА СҚО филиалы төрағасының қоғамдық орынбасары Владимир Витченко.

Сессия барысында этносаралық коммуникацияны қалыптастырудағы аудандық этномәдени орталықтардың рөлі, Қазақстан халқы ассамблеясының мақсаттарын ілгерілету бойынша жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің «Бейбітшілік және келісім» орталығының жұмысы туралы сөз қозғалды.

—  Бүгінгі таңда ұларалық келісім мен этникалық өзара сыйластық тұрғысында жастар үлкен рөлге ие. Елдің болашағы ретінде қыз-жігіттер түрлі ұлт өкілдері арасында достықты сақтап, олардың салт-дәстүрін, мәдениетін, тілі мен дінін құрметтеп өздерінің артынан өсіп келе жатқан балақайларға үлгі болады. Біздің орталық та дәл осы бағытта жұмыс істейді, — дейді жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің директоры Ағыбай Күшімбаев.

Кездесу соңында Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысын насихаттауға зор үлес қосқан жерлестеріміз облыс әкімінің алғыс хаты және құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, өңірлік ассамблея төрағасының жаңа қоғамдық орынбасары сайланды. Бұл лауазымға қоғам қайраткері, кәсіпкер Елена Семидоцких лайықты деп танылды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz