Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров Тайынша ауданына қарасты Красная Поляна ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауыл тұрғындары тез арада шешуді қажет ететін өзекті мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, оларды жолдардың нашарлығы, су құбыры мен көлік байланысының жоқтығы алаңдатады.
«Біз Краснополян ауылдық округін назардан тыс қалдырмаймыз. Мектеп пен мәдениет үйі келесі жылы күрделі жөндеуден өтеді. Жол жөндеу мәселесін жүйелі түрде шешетін боламыз», — дей келе А.Сапаров жауапты ведомствоға көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселесін жедел шешуді тапсырды. Алдағы уақытта ауылға су құбыры тартылады.
Осы ауданда облыс әкімі тамшылатып суару әдісі қолданылып жатқан «Таң» шаруа қожалығының картоп алқаптарын аралады. Ауыл шаруашылығы формациясының жетекшісі Юрий Красноголовтың айтуынша, 100 гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Бастапқыда 30 гектар болған.
Облыс әкімі диқандар егіс алқаптарын әртараптандырумен айналысып, тамшылатып суару жүйесін орнату керектігін атап өтті.
Красная Поляна ауылында барлығы 1254 адам тұрады. 40 пайызға жуығы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.