Әйеліне бензин құйып, өртеп жіберген қылмыскер балаларынан бұл әрекеті үшін кешірім сұрайды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Абай облысы ІІД ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балаларын жалғыз өзі бағып, екі жұмысты қатар алып жүрген әйелін қызғанған күйеуі оны үнемі аңдып жүрген. Бірде әйелі өзі жұмыс істейтін мектепке жаяу келе жатқанда оған бензин шашып, өртеп жіберген. Әйел сол күні қайтыс болды. Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты оның күйеуін адамға қарсы ауыр қылмыс жасағаны үшін 18 жылға соттады.
Төрт бала қазір нағашы әжелерінің қамқорлығында. Қорқынышты оқиға сегіз жыл бұрын орын алды. Қылмыскер жазасын Семей қаласындағы аралас режимдегі колонияда өтеуде.
– Ұзақ жылдар бойы сотталғанмен психодиагностикалық, психокоррекциялық және профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Енді оның болашағы туралы нақты түсінік бар, ол отбасымен араласа бастады, түзеу мекемесіне жұмысқа орналасқан. Жазасын өтеп жатқан ер адам балаларынан жасаған әрекеті үшін кешірім сұрап, бостандыққа шыққаннан кейін олардың жағдайын жасауға дайын, – дейді мекеменің сотталғандар арасындағы психологы Арай Қадырбекова.