Облыста «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы бастау алды. Биыл министрлік бастамасы «Жақсылықты жаса» ұранымен өтпек, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
2019 жылдан бастап жыл он екі ай өткізілетін қайырымылық акциясы аз қамтылған, көп балалы және тұрмысы нашар отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Балалардың білім алар уақыты таяр шақта олардың кем-кетігін түгендеуге ерекше назар аударылады.
Өңірімізде тұрақты негізде көмек көрсететін жүрегі мейірімге толы жандар баршылық. Олардың арасында әкімдік басқармаларының, аудандар мен қала әкімдікке қарасты бөлім қызметкерлері, «Мәмбетов и К», «Петропавл арақ-шарап зауыты», «АЗКО», «Буденное СК», «Раисовское», «Астық Привольный», «Западное СК», «ES GLOBAL AGRO», Тахтаброд, «Адани Агро», «Содружество, компания Эдил», «Азия-Тарангул», «Визигина» ЖК, «Кантемир-Агро», «Заградовское», «Прометей-Агро», «Бромот С.В.» сияқты кәсіпорындар бар.
Былтыр акция аясында 13575 балаға 413 млн. 105 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Биыл білім бөлімдерімен көмекке мұқтаж балалардың тізімі жасалды. Акцияның қайырымдылық шарасы екеніне назар аудартып, демеушілермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта аз қамтылған отбасылардан шыққан 11539 баланың мектеп формасына, спорттық киімге деген сұраныстары анықталды. Қажеттілікті растайтын құжаттар негізінде киім, аяқ киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алу үшін 40567 теңге мөлшерінде төлемдерді жүзеге асыру жоспарлануда.
Оқу жылының бастауына бір айдай уақыт қалғанын еске сала отырып облыстық білім басқармасы көмекке зәру балалардың болашағына бей-жай қарамайтын адамдарды осы игі іске қатысуға шақырады. Қайырымдылық қолдау қиын жағдайға тап болған балаларға оқу жылына дайындалуына едәуір сеп болмақ.