Курсанттар іріктеуден өтуде

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Ұлттық ұланының академиясында оқуға үміткерлерді іріктеу жөніндегі қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады. Биылғы жылы қабылдау сегіз мамандық бойынша өтуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Ұлттық ұлан академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талапкерлер құқықтық тәртіп әскерлерінің жоғары оқу орнының курсанты атану үшін елдің түкпір-түкпірінен келуде. Конкурстық іріктеу басталғанға дейін Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов комиссия мүшелерімен кездесіп, оларға Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов қойған міндеттерді жеткізіп, солардың бірі – оқуға үміткерлер арасында сапалы іріктеу жүргізу болып табылатынын айтты.

Дәстүр бойынша жоғары оқу орнының бақылау-өткізу пунктінде ата-аналар балаларына сәтттілік тілеп, шығарып салды. Болашақ сарбаздар кәсіби іріктеуден өту үшін бірден академияның оқу орталығына жіберілді.

Академияға келген талапкерлер үшін жоғары оқу орнының оқу орталығында барынша қолайлы жағдай жасалды. Кәсіби іріктеу кезінде жастардың психологиялық жай-күйі, медициналық және дене дайындығы тексерілді. Оның нәтижелеріне, сондай-ақ, ұлттық бірыңғай тестілеуде жинаған ұпайларына сәйкес академияға үздік талапкерлер қабылданады.

Оқуға үміткерлерді іріктеу жөніндегі қабылдау комиссиясы өз жұмысын 29 шілдеде аяқтайды. Содан кейін мандаттық комиссияның отырысы өтіп, үздік талапкерлер анықталады. Бұдан әрі оқуға түскен жасөспірімдермен жалпы әскери дайындық жүргізіледі. Бұл кешегі мектеп оқушылары үшін ең қызықты оқу кезеңдерінің бірі болып табылады. Бір ай ішінде болашақ курсанттар әскери қызметтің негіздерін үйреніп, жаңа жағдайларға бейімделеді. Осы уақыт ішінде бірінші курс курсанттары бір-бірін біліп, ұжым болып қалыптасуы маңызды.

Биыл оқу орны оқуға 200-ге жуық курсантты қабылдауды жоспарлап отыр. Үкіметаралық шарттарға сәйкес өз елінде жалпы әскери даярлықтан өткеннен кейін Тәжікстаннан тағы он курсантты оқыту жоспарланған.

Академия жыл сайын шетелдік жоғары оқу орындарына үміткерлерді іріктейді. Үздіктердің үздігі Түркия мен Ресейге оқуларын жалғастырып, сол жерден әскери дипломдармен оралады.

Биыл академияға алғаш рет магистратура бағдарламасы бойынша офицер-тыңдаушыларды қабылдау жүзеге асырылуда. Бұл оқу орнына өткен жылдың ақпан айында «академия» мәртебесін бергеннен кейін мүмкін болды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы әртүрлі мамандықтар мен офицерлік кадрлардың әскери мамандарын даярлауда ерекше орын алады, сондай-ақ мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін офицерлерді даярлауды жүзеге асыратын елдің жалғыз әскери оқу орны болып табылады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz