«ХХ ғасыр Гомері» атанған жыр алыбы, қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл Жабаевтың суреті «Жас өркен» шағынауданындағы көпқабатты үйдің бірінде пайда болды. Түгел қабырғаны алған алып мурал – қалаға кірген бойда бірден көзге түсіп, ерекше әсер сыйлайды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жамбыл көшесіндегі 53-үйдің қабырғасында салынған мурал берік, ауа райының барлық жағдайларына төзімді, жоғары температурада күйдірілген креамикалық плиталардан жасалған. Қаламызға шырай берген туындының авторы – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Болат Әскербеков.
Бұл автордың ұлы Абайдың муралынан кейінгі екінші туындысы. Қала тұрғындары мен меймандарына шаһарға кіре бергенде ерекше әсер сыйласын деп арнайы Жамбыл көшесі таңдалып алынған. «Арнайы жоғары температурада күйдіріліп жасалған креамикалық плиткаларды дайындауға 7-8 ай кетсе, суретті жинауға 1 ай көлемінде уақыт жұмсалған. Болашақта Мағжан Жұмабаевтың да муралын салу жоспарда бар. Себебі Қызылжар өңірін Мағжансыз елестету мүмкін емес», – дейді суретші.
— Муралдар – қаламыздың сәні. Мұндай суреттер шаһарымыздың күнделікті күйбең тіршілігінен жалыққан тұрғындары мен қала қонақтарының жүздеріне қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Біз осымен тоқтап қалмаймыз. Алда жоспар көп. Өңіріміздің тумасы, жерлесіміз, жақында ғана 130 жылдығын атап өткен Мағжан Жұмабаевқа арналған муралды Мағжан Жұмабаев көшесіне орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров.
Елімізде жыл сайын зәулім үйлердің қабырғаларына салынған муралдар саны артпаса кеміген жоқ. Қабырғаларға салынған көлемді әрі көркем суреттер көше мәдениетінің бір түрі іспеттес. Қаламызда кеңестік заманнан қалған басқа да туындылар жетерлік. Алайда бұл туынды қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлап, талайдың көзайымына айналары сөзсіз.