СҚО-да Абылайдың серігі Жанатай батырдың күміспен апталған белбеуі сақталған

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Солтүстік Қазақстан облысы Чистополье елді мекенінде Жанатай батырдың 300 жылдығына орай ат шаптырған той өтіп, ас берілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Абылай ханның сенімді серігі болған, қалмақ-жоңғармен күресте талай ерлік көрсеткен Жанатай Ақанұлының 300 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларды одан тараған ұрпақ көтерген. Ас Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Чистополье елді мекенінде берілді.

«Жанатайдың 9 ұлы болған. Соның ұрпағы бүгін республиканың түкпір-түкпірінен жиналып, ағайындардың басын қосып, ат шаптырып, той жасап жатырмыз. Бұл атамыз жайында аңыз әңгіме көп, шежіресі тереңде жатыр. Жанатай атамыз қылышынан емес, сұсынан жау шошыған Бөгенбай батырдың шәкірті ретінде тарихқа кірген. Қалмақ-жоңғарлармен күресіп, жаумен шайқаста ерлік көрсеткен», — дейді ұрпағы Октябрь Аяғанов.

Жанатай батыр 1723 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы аудан аумағы Талсай ауылында дүниеге келген. Әкесі Ақан өте бай адам болған, үйір-үйір жылқы ұстаған. Оның жеке иелігінде Көкшетаудан Торғай даласына дейінгі жерлер болған. Оның есімімен тау, көл, Ақан өзені аталған.

«Анасы Болат рухани-физикалық тұрғыдан мықты болды. Біздің ру ақсақалдарының әңгімелері бойынша Жанатай батырға бойындағы батырлық пен батылдық ана сүтімен берілген екен. Бұл кейуананың даналығы мен көрегендігі туралы да көп айтылады. Ол Талсай ауылында жерленген. Оның жанында үлкен ұлы Ботанай жатыр. Жанатай батыр Абылай ханның серігі болған және жоңғарлармен күреске белсенді қатысқан. Оның есімі ертегілер мен аңыздарда ғана емес, қазақ классиктерінің шығармаларында да жиі кездеседі. Мәселен, Мұхтар Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліпбиі» атты кітабында жазған, Әнуар Әлімжановтың «Гонец» кітабында Жанатай батырдың ерлігі туралы көп айтылады. «Көшпенділер» трилогиясының авторы, жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Жанталас» романында да батыр туралы баяндайды», — дейді батырдың ұрпағы Қымбат Әбдуахитова.

Батыр 96 жасқа келіп дүниеден өткен екен. Оның күміспен күптелген белбеуі қара шаңырақ – Балтакескеновтар әулетінде сақталған.

Жанатай батырдың денесі Айыртау ауданындағы Орловка ауылының маңында жерленген. 1956 жылы зират жаңартылды, алайда ол кезде тас қойдырмағандықтан, тек қоршауы ғана өзгертілген екен. Ескі зираттың орнына былтыр кесенесі тұрғызылды. Бұл игі істі Жанатайдың ұрпақтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып атқарды.

«Ұрпақтарының бастамасымен Көкшетау қаласындағы көшеге Жаңатай Ақан ұлының есімі берілді. Енді батыр есімін Қазақстан Республикасының тарихи маңызы бар тұлғаларының қатарына, ал жерленген жерін Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізу туралы мәселе қаралып жатыр», — дейді Қымбат Әбдуахитова.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz