Солтүстік Қазақстан облысындағы хайуанаттар бағында аюды тамақтандырмақ болған ер адамның қолын ампутациялауға тура келді. Дәрігерлер қазір оның екінші қолын аман алып қалу үшін күресіп жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 30 маусым күні Қызылжар ауданы «Абакшино» демалыс аймағы аумағындағы хайуанаттар бағында болған. Аудандық полиция бөліміне ер адамға аюдың шабуыл жасағаны туралы хабарлама түскен.
Жедел жәрдем бригадасы зардап шегушіге медициналық көмек көрсетті, содан кейін ол ауруханаға жатқызылды. Көп қан жоғалтқан ер адамның бір қолын ампутациялауға тура келді, дәрігерлер қазіргі уақытта екінші қолын аман сақтап қалу үшін күресіп жатыр.
«Жедел-тергеу тобының қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтады. Зардап шеккен 43 жастағы ер адам 6 маусымда осы демалыс аймағына сынақ мерзіміне жұмысқа қабылданған. Оның міндетіне аумақты жинау және жануарларды азықтандыру кірген. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді», — делінген баспасөз хабарламасында.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады.