Солтүстік Қазақстан облысында 14 жастағы қызды зорлады деген күдікпен 36 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 жастағы қызды зорлау туралы арыз осы жылдың 4 мамырында Петропавл қаласының полиция басқармасына түседі.
Полиция қызметкерлері облыс орталығының 36 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта күдікті ер адам қамауда отыр.
«Аталған факт бойынша тиісті сараптамалар және қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, олардың нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданады. Оқиғаға қатысты басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», — делінген баспасөз хабарламасында.
Бұған дейін биылғы қаңтар-мамыр айларында кәмелетке толмағандарға қатысты мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелгенін айтқан едік. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға артық.
Құқық бұзушылықтың салдарынан көбіне он алты жасқа толмаған жасөспірімдер зардап шеккен. 158 жыныстық қатынас фактісі тіркелді.
Өңірлер бойынша ең көп құқық бұзушылық Түркістан облысында тіркелді. Жыл ішінде 100 қылмыс жасалған. СҚО ең аз құқық бұзушылық әрекеті тіркелген облыстар қатарында. Бұл өңірде осы аралықта 26 жағдай есепке алынған.