Петропавлдағы 2-Жылу-электр орталығының оранжереясы Мәскеуден әкелінген жаңа гүлдермен толықты. Бақ кәсіпорын қызметкерлерінің сүйікті демалыс орнына айналған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2-Жылу-электр орталығының оранжереясы өткен ғасырда салынған. Кезінде жылыжай ретінде ғана қолданылып, көкөніс өсірілген. Тек соңғы жылдары ғана мұнда өсімдіктердің түр-түрі пайда болды.
Оранжерея 375 шаршы метрді алып жатыр. Мұнда негізінен бөлме гүлдері – фикус, қазтамақ, кактус, алоэ сияқты өсімдіктердің түр-түрі өседі. Бақтағы тәртіпке, өсімдіктерді күтіп-баптауға станцияның аға көгалдандырушысы Василий Костюков жауапты.
Василий Костюков – жоғары білімі бар агроном. Сондықтан әр өсімдіктің бабын жақсы біледі. Жазда оранжереядағы температураны +20,+25 градустан асырмаса, қыста қатты аязда бақта +30 градусты ұстайды.
«Оранжереядағы гүлдердің түрін жылда аздап болсын көбейтуге тырысамын. Биыл Мәскеуден бөлме өсімдіктерінің жаңа түрлерін тапсырыспен алғыздым. Олар – гибискустың үш түрі, ипомеи-бататтың төрт түрі және лантана өсімдігі. Ипомеи-батат тек соңғы он жылдан бері ғана декоративті өсімдік ретінде өсіріле бастады, бұған дейін асқа пайдаланылатын. Түрлі-түсті жапырақтары гүлзарларға ерекше көрік береді», — дейді Василий Костюков.
Жылу-электр орталығының қызметкерлері бос уақытта, әсіресе қыста оранжереяға жиі келеді, бұл – олардың сүйікті демалыс орнына айналған. Ұнаған гүлдерінен өскін алып, өздері де өсіре алады. Василий Костюков олардың қолын қаққан емес, керісінше, өсімдікті күтіп-баптауда ақыл-кеңесін аямайды.