Петропавлда көлік жүргізушісі абайсызда жарықтандыру бағанына соғылды. Салдарынан баған құлап, аударылған көлікті басып қалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жол-көлік апатының бейнежазбасы әлеуметтік желіде пайда болды. Роликте аударылған көлікті және оны басып жатқан ауыр бағанды көруге болады.
Оқырмандардың бірі өтіп бара жатқан жеңіл көлікке жарықтандыру бағаны өздігінен құлап кетті десе, енді бірі жүргізушіні кінәлап, оның қатты жылдамдықпен келіп соғылғанын жазып жатты.
Петропавл қалалық полициясы басқармасы оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, мәлімет берді.
«28 шілде күні сағат 19.35 минут кеткенде «102» жедел арнасына Петропавлдағы Абай көшесінде жол-көлік апаты болғандығы жөнінде телефон қоңырауы түсті. Облыс орталығының 32 жастағы тұрғыны «Nissan Note» автокөлігімен келе жатып, рульге ие бола алмай қалған. Салдарынан көшедегі бағанға соғылып, машинасы аударылды. Жол-көлік оқиғасынан жүргізуші зардап шеккен жоқ. Спирттік ішімдік ішпеген. Көлік мамандандырылған автотұраққа қойылды. Осы факті бойынша процестік шешім қабылдау үшін әкімшілік материал жиналды, ол Петропавл мамандандырылған әкімшілік сотына жіберіледі», — делінген хабарламада.