Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер 2,5 мың литр контрафактілік алкоголь тиелген «ГАЗель» көлігін ұстады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
СҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыс аудандарының бірінің 33 жастағы тұрғынының құрамында алкоголь бар өнімдердің заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін екендігі туралы ақпарат алды. Олар Петропавл қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің мамандарымен бірлесіп, облыс орталығының аумағында «ГАЗель» көлігін жүргізіп келе жатқан ауыл тұрғынын тоқтатты. Жүк көлігінен контрфактілік арақ салынған 500 пластикалық ыдыс тәркіленді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша материал жиналды.
– Контрфактілік алкогольді пайдалану денсаулыққа қауіпті. Сонымен қатар, алкогольдік өнімдердің заңсыз айналымы мас күйінде қылмыс жасау қаупін арттырады. Қаңтар айынан бері облыс бойынша ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері темір жол қызметімен бірлесіп, осындай бірнеше фактіні тексеріп, оның қорытындысы бойынша заңсыз айналымнан 2 144 литр алкогольдік өнім тәркіледі, – деп атап өтті СҚО ДП ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рахат Нұрахметов.