Петропавл қалалық соты №2 жылу электр орталығында құлаған мұржаға қатысты істің нүктесін қойды. Өз міндеттеріне немқұрайлы қарады деп айыпталған кәсіпорынның бұрынғы директоры, бас инженер мен қазандық цехының басшысы ақталып шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Петропавлдағы 2-Жылу-электр орталығында 2022 жылдың 20 наурызы күні құлаған мұржаға қатысты қозғалған қылмыстық іс Петропавл қалалық сотында қаңтар айынан бері қаралды.
Кәсіпорынның бұрынғы басшылары: ЖЭО-2 директоры Ержан Қоңырбаев, бас инженер Сергей Торохтий және қазандық цехының басшысы Сергей Марченко міндеттеріне адал қарамау бабы бойынша айыпталды.
Алайда олардың бәрі бұл қызметте толық бір жыл да істемеген болып шықты.
Сот отырысында жартылай опырылып түскен 150 метрлік мұржаның 2013 жылы техникалық тексеруден өткендігі айтылды.
Нәтижесінде бұл нысанның бірнеше жерден зақымдалғаны, ал кейін құлаған орны сол кезде апаттық деп танылғаны анықталды.
Олқылық 2017 жылға дейін жойылуы керек еді. Тиісті жұмыстың атқарылған-атқарылмағаны мұржаның құлауына байланысты белгісіз. Куәгерлер жұмыстың жүргізілмегенін айтқан.
— Темір-бетон мұржасының пайдалану уақыты — 50 жыл. Содан кейін кешендік тексеру жүргізілуі тиіс. Тек содан кейін ғана оны әрі қарай қолдануға бола ма, жоқ па шешілуі керек. Тексеріс жүргізілген, мұржаның апатты деп анықталған 11-12 буынынан құлап отыр. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін прокуратура барлық лауазымдық тұлғалардың ісіне принципиалды баға беруі тиіс. Бұл жағдайда бір ғана нұсқаны қарап, қалған лауазымды тұлғалардың әрекетіне баға берілмеген. Фактілер және сарапшылар мұржада анықталған зақымдардың жойылмағандығын, нысанның апаттық жағдайда жұмыс істегенін көрсетіп отыр. Бірақ сотқа жұмысқа кіріскеніне бір жыл да болмаған мамандар тартылған. Осы оқиғаға жол берген барлық лауазымды тұлғаларға процестік шешім қабылдануы тиіс, — дейді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.
Судьяның айтуынша, көптеген сарапшының және мамандардың қорытындысында мұржаның бір сәтте құламағаны айтылады. Осының бәрін ескере келе Петропавл қалалық соты сотталушыларды ақтап шықты. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.