СҚО-да сот шешімін орындамаған деструктивті ағымның ұстанушысы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңнаманың бұзылуын болдырмау және адамдарды деструктивті діни ағымдардан қорғау бойынша алдын-алу шараларын өткізу барысында Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында деструктивті діни ағымды ұстанушысы сот шешімін және атқарушылық құжатын орындамау фактісін анықтады. Нәтижесінде 27 жастағы ер адамға қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 669-бабының 1-бөлігі (Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ол сотпен кінәлі деп танылды. Ер адамға қатысты әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қолданылды.
Полицейлердің осы саладағы бұзушылықтарды ескерту және адамдарды деструктивті діни ағымдардың әсерінен қорғау жөніндегі күн сайынғы жұмысы жалғасып жатыр.