Биыл облыста мектепке 75 248 бала барады. Оның 7 247-сі бірінші сынып оқушысы атанады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтың мәліметінше, биыл 297 елді мекенде тұратын 2 621 бала мектеппен автобуспен жеткізіледі. Бұл ретте олардың мыңы мектеп жанындағы интернаттарда тұрып, демалыс күндері үйлеріне қайтып тұратын болады.
— Облыста 143 автокөлік бар. Жазда біз 29 шағын автобус сатып алдық. Жаңа оқу жылының алдында аудандық білім бөлімдеріне кілттерді табыстаймыз, — дейді Нәзір Жәшібеков.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың балаларына қаржылай көмек көрсету де жоспарланып отыр. Бөлінген қаржы оқушылардың ата-аналарына беріледі. Бұл материалдық көмек балалардың мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамту мақсатында бөлініп отыр. Бір балаға — 40,5 мың теңге қарастырылған.
Биыл бастауыш сынып оқушылары, яғнм 39 мыңға жуық бала мектептерде тегін тамақтанатын болады.
Биыл оқулықтар мен көркем әдебиетке 700 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді.