Өткен демалыс күндері футболдан жоғары лига командалары арасындағы 20-шы турдың ойындары өтті. Солтүстікқазақстандық «Қызылжар» клубы сырт алаңда ақтаулық «Каспиймен» кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ел біріншілігінің кезекті туры басталмас бұрын жерлестеріміз турнир кестесінде 5-ші орында тұрған болатын. Еурокубок аймағына жақындау үшін қызылжарлықтарға жеңіс ауадай қажет еді. Сондықтан болар, бірінші минуттардан бастап солтүстікқазақстандық аяқдопшылар аянып қалған жоқ. Алаң иелері де қауіпті шабуылдарға жауап қатып, бірнеше мәрте есеп ашуға тырысты.
Матчтағы алғашқы гол ойынның екінші бөлімінде соғылды. Авторы «Қызылжар» клубының ойыншысы Борис Цмилянич. Ал кездесудің 58-ші минутында екінші мәрте «Каспий» қақпасынан саңылау тапты. Бұл жолы Лука Имнадзе көзге түсті. Алаң иелері төреші қосқан қосымша уақытта бір голмен жауап қатты.
Осы ойыннан соң «Қызылжар» 33 ұпаймен төртінші орынға көтерілсе, «Каспий» турнирдің соңғы сатысына түсті. Көш басында шымкенттік «Ордабасы» командасы келеді.