Криминалдық полиция қызметкерлері интернет-алаяқтық фактілерін алдын алу мақсатында Петропавлдағы саяжай қоғамдастықтарын аралады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Полицейлер саяжайшыларға жадынамалар таратып, интернет-алаяқтық фактілері орын алған кезде хабарласуға байланыс нөмірлерін берді. Зейнеткерлердің көпшілігі интернет-алаяқтық туралы естіген. Кейбіреуінің туыстарын да алдап кеткен. Алаяқтардың транзакциялар жүргізу, алдын ала төлем талап ету және ақша аудару туралы күмәнді ұсыныстарына сенбеген жөн дейді тәртіп сақшылары.
Жедел уәкілдер зейнеткерлердің әрқайсысына алаяқтармен сөйлескен кезде қолданатын әрекеттер алгоритмін түсіндіріп берді.
– Соңғы айларда қаскөйлер құрылғыны қашықтықтан отырып басқаруға болатын қосымшаларды пайдалана бастады. Алаяқтар түрлі себептермен RustDesk, AnyDesk, TeamViewer сияқты тегін қосымшаларды смартфонға жүктеп алуға мәжбүрлейді. Осылай телефонды алыстан басқара алады. Азаматтардан бейтаныс адамдардың айтқанына сенбей, осындай күмәнді қосымшаларды жүктемеуді сұраймыз. Өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстыратын адамдардан қоңырау келіп түссе, бірден өз банкіңіздің Call-орталығына не болмаса “102” арнасына қоңырау шалуға кеңес береміз, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Жыл басынан облыста интернет-алаяқтықпен байланысты 442 қылмыстық іс тіркелді. Оның 348-і Петропавл қаласында тіркелген.