Петропавлдағы №4 орта білім ордасының мұғалімдерін, оқушылары мен ата-аналарын қала әкімі Серік Мұхамедиев Білім күнімен құттықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биыл №4 мектепте 1 мыңнан астам бала оқитын болады. Оның 44-і жаңа оқу жылы қарсаңында апаттық деп танылған №19 бастауыш білім ордасынан уақытша аталмыш оқу ошағына ауыстырылды. Салтанатты шарада сөз алған қала әкімі жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
– Барша мұғалімдерді, оқушылар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтаймын. Жаңа оқу жылында балалар сіздерді жақсы бағаларымен қуантатынына сенімдімін. Биыл алғаш рет бірінші сынып оқушысы атанған балғындарға сәттілік тілеймін, — деді қала әкімі Серік Мұхамедиев.
Серік Мұхамедиев апаттық мектептен көшірілген оқушылардың ата-аналарымен де тілдесті. Оның сөзінше, биыл облыс орталығында 17 мектеп пен 2 балабақша күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 668 млн. теңге бөлінді.