М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Америка Құрама Штаттарындағы Аризона университетімен бірлескен білім беру бағдарламасының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев, қос білім ордасының өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысының 2025 жылға дейiн әлемдегi үздiк 5 университеттiң филиалдарын ашу тапсырмасына сәйкес қолға алынған қос дипломды бiлiм беру бағдарламасына биыл 500 студент қабылданыпты. 2022 жылдың 6 қыркүйегінде халықаралық білім беру жобасы Аризона университетімен бірлесе отырып М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында алғаш рет өз жұмысын бастаған болатын.
Аризона – 136 жылдық тарихы бар мемлекеттік зерттеу университеті. Бүгінгі таңда бұл жоғары оқу орны білім беру саласында 11 мемлекетпен ынтымақтастық орнатқан. Одан бөлек университет — Шанхай рейтингінде 101, Times Higher Education рейтингінде 124-ші орынға жайғасқан үздік жоғары оқу орны.
— Былтыр ғана тұсауы кесілген Аризона университетімен бірлескен халықаралық білім беру бағдарламаларының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті еліміздің солтүстік аймағының академиялық хабына айналып отыр. Осындай бірлескен білім беру бағдарламаларын ашудағы басты мақсат – өңірлік жоғары оқу орындарын аяққа тұрғызу, білім сапасын халықаралық стандартқа сәйкестендіру, студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, — деді министр.
Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев жиналғандарды жаңа оқу жылымен құттықтап, студенттерге сәттілік тіледі.
Кездесу аясында қонақтар Аризона университетінің бағдарламалары бойынша білім алып жатқан студенттермен кездесіп, жатақханалар мен ең жоғары озық дизайн және жабдық стандарттарына сәйкес салынған жаңа оқу-зертхана ғимаратын аралап көрді. Мұнда жас зерттеушілердің практикалық білімдерін жетілдіру үшін 60-тан астам жаңа, атап айтсақ, инженерлік бағытта – 20, жаратылыстану және агротехнологиялық бағытта – 20, медициналық бағытта – 10 зертхана ашылған. Бұл жерде студенттер американдық университеттің цифрлық дерекқорына қол жеткізіп, шетелдік оқытушылардан сабақ алмақ. Өңір студенттері Аризона университетінің Тусон қаласында орналасқан бас ғимаратында жарты жыл тегін оқитын болады.
— Біз қазақстандық университетпен стратегиялық серіктестік орнатқанымызға қуаныштымыз. Бұл Қазақстанның барлық өңіріндегі талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Халықаралық үлгідегі қос дипломға ие болу, сұранысқа ие мамандықты игеру екінің біріне бұйыра бермейді. Қазақстан мен АҚШ-тың жетекші профессорларының қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізетін сабақтарына қатысу мүмкіндігі қарастырылып отыр, — деді Аризона университетінің өкілі Джон Поул.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қос дипломдық білім беру бағдарламалары қазақстандық жоғары оқу орындары мен олардың серіктес университеттері арасында жасалған келісімдер негізінде жүзеге асырылып отыр. Бүгінде қазақстандық 41 жоғары оқу орны серіктес университеттермен бірлесе отырып, 200-ден аса қос дипломдық жобаны қолға алған.