Облысқа Қытайдың Шэньси провинциясынан делегация келді. Аспан асты елінің өкілдері мен өңір басшылығы салтанатты түрде «Айдзю-Қызылжар» брендімен шыққан қазақстандық астықтың бірінші партиясын Қытайға жөнелтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
ҚХР делегациясының құрамында аталмыш елдің үкімет мүшелері мен Шэньси провинциясының кәсіпкерлері бар.
Тайыншалық «MEMOLUX» компаниясының өндірістік-логистикалық базасынан жөнелтілген экспорттың көлемі – 1600 тонна.
– Облысымыз Шэньси провинциясымен әріптестік орнату мақсатында арнайы келісімге қол қойдық. Енді астығымызды тікелей аспан асты еліне экспорттайтын боламыз. Тайыншадан жөнелтілген пойыз «Қазақстан-Қытай» бағыты бойынша жүреді. Ол «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы арқасында мүмкін болып отыр, – деді СҚО әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов.
СҚО әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың айтуынша, солтүстікқазақстандық өнім Қытайда жоғары сұранысқа ие. Астықты бұл елге жеткізу екі тарап үшін де тиімді.
– Қазір Қытай нарығында өнімімізді таныту үшін бидайды «Айджу-Қызылжар» брендімен шығарамыз. Жоспарға сәйкес 50 мың тоннаға дейін май және бір миллион тоннаға дейін астықты ҚХР-ға жіберуді көздеп отырмыз, – дейді Рүстем Құрманов.
Тайынша ауданының «Тайынша Май» ЖШС май экстракция зауытында екі жақтың сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша кеңес өтті. Жиынға 200-ге жуық адам қатысты. Мұнда «KAZAKH Invest «ҰК» АҚ-ның СҚО бойынша өңірлік филиалы мен Айджу компаниясы, сондай-ақ «Қазнұрхолдинг» қазақстандық дистрибьюторлық компаниясы мен «ХІ ‘ an Onis Trade Co» қытайлық компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды.