Орал қаласында самбодан шеберлер арасында әлем чемпионаты өтті. Бұл жарыста ел намысын солтүстікқазақстандық балуан Дәурен Нұрғожин абыройлы қорғап, қанжығасын қола медальмен майлады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биыл самбодан шеберлер арасындағы әлем біріншілігінде ерлер бөлек, әйелдер өз араларында мықтыны анықтады. 35-39 жастағы спортшылар қатарында 88 килограмм салмақ дәрежесінде қызылжарлық Дәурен Нұрғожин да сынға түсті. Жерлесіміз чемпионатта 4 кездесудің тек бірінде сүрінді.
– Бірінші жекпе-жекте маған Азия чемпионы ілігіп, оны жеңдім. Кейін отандасымыз ел біріншілігінің алдын орадым. Үшінші кездесуімде қостанайлық балуанмен күресіп, оған ұтылдым. Дегенмен жүлде үшін күресуге тағы бір мүмкіндігім болып, қола медальді моңғолиялық спортшымен сарапқа салдық. Қуанышыма орай, 5:0 айқын басымдықпен қарсыласымды қапы қалдырдым. Бұйырғаны – үшінші орын, — дейді Дәурен Нұрғожин.