Оқушылар сарайында «Жастардың бойына патриотизм мен азаматтықты қалыптастыруда мемлекеттің, қоғамның және отбасының ресурстарын біріктіру» деген атаумен үкіметтік емес ұйымдардың XI азаматтық форумы өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 10 жылда Қазақстанда тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны 20 мыңға жуықтады. Мамандардың айтуынша, олардың 2 мыңы жұмыс істеп тұрған көрінеді. Ал өңірімізде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны 500-ге дейін жетіп отыр. Олардың 50-ден астамы ғана белсенді түрде жұмыс атқарып келеді.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов жиналғандарды форумның ашылуымен құттықтап, бұл басқосудың берері мол екенін атап айтты. Ол Президенттің саяси жүйені модернизациялау туралы тапсырмасының қалай орындалып жатқанына тоқталып, біздің облысымызда бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік тапсырысты орындауға 228 млн. теңге бөлініп, біраз шара өткізілген. Олжас Ыдырысов көптеген жобаларды үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып қана жүзеге асыруға болатынына баса назар аударды. Бұл ретте аудан әкімдері мен бизнес өкілдерін ауылдардағы бастамаларды қолдауға шақырды.
— Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемін жылдан жылға арттырып келеміз. Мәселен, 2022-ші жылы өңір бойынша 94 жоба қолға алынса, биыл 303 млн. теңгеге 97 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда үкіметтік емес сектор элеуметтік сипаттағы мәселелерді қарайтын кеңестерге белсенді қатысып жүр, — деді Олжас Ыдырысов.