СҚО полицейлері атыс патрондары салынған бес литрлік бөтелкені тауып алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан Петропавл тұрғыны атыс патрондарын заңсыз сақтағанын мойындады. Оның айтуы бойынша петропавлдық полицейлер қаладағы саяжай учаскелерінің бірінің маңынан қапқа салынған оқ-дәрі толтырылған бес литрлік бөтелкені тауып алды. Иір ұңғылы қаруға арналған 5,45 мм калибрлі 659 патрон тәркіленді. Сарапшылардың қорытындысы олардың атуға жарамды екенін көрсетті.
– Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. ҚР ҚК-нің 287-бабына сәйкес заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсырған адам, егер әрекетінде қылмыстың белгілері болмаса заң алдындағы жауапкершіліктен босатылады. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, – дейді Петропавл қалалық ПБ бірінші полиция бөлімінің бастығы Тілеген Әлжанов.