Жыл басталғалы облыс өндіріс ошақтарында 21 оқыс оқиға тіркелді. Салдарынан 8 адам қаза тауып, 16-сы түрлі дене жарақаттарын алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, жұмыс орнында зардап шеккендердің 11-інің жарақаты ауыр болған, үшеуінде орташа, екеуі жеңіл жарақат алды.
Былтыр осы кезеңде 24 оқыс оқиға тіркеліп, 30 адам зардап шекті. Биыл мерт болғандардың екеуін ток соқса, төрт адам биыл тамыз айында Тайынша ауданындағы шошқа кешенінде қаза тапты.
— Электр тогы соғып Жамбыл ауданындағы «Шатило и К» ЖШС жұмысшысы және «НТС-Бетон» ЖШС көлік жүргізушісі мерт болды. Петропавл металлқұрылғылары зауытында көпірлі кранның машинисті жоғарыдан құлап кеткен. Сот өтіп, инспекция жеңіп шықты. Жұмыс берушінің кінәсі 75 % дәлелденді. Оқыс оқиға желтоқсан айында болғанымен, жұмысшының құрылыста қаза табуына байланысты акт тек шілде айында ғана жасалды. Сот отырыстары өтті. «Құрылыс сервис» ЖШС тас қалаушының келісім бойынша жұмыс істегенін айтты, бірақ инспекция еңбек қатынасы болғанын дәлелдеді, — дейді басқарманың бөлім басшысы Азат Күшербаев.