Еліміздің Бас прокурорының бұйрығымен Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры болып Батыр Қорғанбаев тағайындалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, Батыр Қорғанбаевтың прокуратура органдарындағы қызмет өтілі 23 жылдан асады. Ол еңбек жолын 2000 жылы Алматы облысы прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығының статистиканы қалыптастыру бөлімінің прокуроры қызметінен бастады.
2002-2022 жылдар аралығында Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының прокуратураларында аудан прокуроры, облыс прокурорының халықаралық ынтымақтастық және кадр жұмысы саласындағы аға көмекшісі, аппарат басшысы болып жұмыс істеді.
2022 жылдың қазан айынан бастап Павлодар облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы қызметін атқарды.