27 қыркүйекте сағат 14.00-де 101 телефонына Петропавлдағы Жуков көшесі, 3 үй мекенжайындағы 6 қабатты тұрғын үйдің соңғы қабатындағы пәтерден өрт шыққаны туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Дереу келген петропавлдық өрт сөндірушілер баспалдақ тамбурында алдыңғы есіктің астынан қалың түтін шығып жатқанын байқады. Түтін пәтерлердегі, әсіресе жоғарғы қабаттардың тұрғындарын эвакуациялауға кедергі келтірді. Өрт сөндірушілер 12 тұрғынды, оның ішінде 3 баланы баспалдақпен көшеге шығарды, сол мезетте газ-түтіннен қорғау буыны пәтерге кірді.
— Пәтердегі барлық бөлмелер түтінге толы болды, жатын бөлмеде жеке заттар жанып жатты. Біз бөлмелердің бірінде бала бар екенін білдік, баланың өзі 101 қызмет диспетчері Жанерке Жиентаеваға бейне қоңырау арқылы қай жерде екенін көрсетті. Оны сол жерден таптық, ол терезе алдында отырып, ашық терезе арқылы демалып отырған. Оны көтеріп, кіреберістен алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдым. Жол бойы оны мүмкіндігінше тыныштандырдым. Осы кезде үйде күтіп отырған үш баламды есіме алдым, — деді СҚО ТЖД Өрт сөндіру қызметінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Балқат Токин.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан шыққан өрт сағат 14.34-те сөндірілді. Оның ауданы 5 шаршы метрді құрады. Өрт сөндіруге жеке құрамнан 23 адам және 7 техника жұмылдырылды. Түпкілікті себептері мен шығындары анықталуда.
Өрт кезінде 12 жасар бала құтқарылды. Ол денсаулығына келтірілген залал дәрежесін анықтау үшін ауруханаға жеткізілді. Оның өміріне қауіп жоқ.
Зардап шеккен баланың әкесі Юрий Григорьевич өрт сөндірушілерге шын жүректен алғысын білдірді.