Футболдан ел біріншілігінің кейінге шегерілген 15-ші турында «Қызылжар» клубы өз алаңында «Тобыл» командасын қабылдады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ойынның алғашқы минуттарынан бастап, қостанайлық «Тобыл» аяқдопшылары шабуылдауға кірісті. Жерлестеріміз де қарап қалмады. Десе теке-тіреске толы кездесуде ұзаққа дейін есеп ашылмады. Тек матчтың 37-ші минутында сол қақпалдан әуелетіп берілген пасқа Ислам Чесноков бірінші жетіп, ойындағы бірінші голды баспен соқты.
Екінші таймда жерлестеріміз есе қайтаруға тырысып, нәтижесінде ойынның 70-ші минутында есепті теңестірді. Автоголдың авторы «Тобылдың» футболшысы Евгений Шахов атанды.
Матчтың соңында төреші қосымша уақыт қосқанымен жеңімпаз анықталмады. Қорытынды есеп 1:1.
Ел біріншілігінің турнирлік кестесінде «Қызылжар» клубы 5-ші орнын сақтап қалды. Ал қостанайлық «Тобыл» 8-ші сатыға жайғасты. Келесі ойынды жерлестеріміз қазанның 1-і күні көкшетаулық «Оқжетпес» командасына қарсы өткізбек.