Облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Департамент бастығы жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етіп, жолдағы, қоғамдық орындардағы және ғаламтор желісіндегі қауіпсіздіктің негіздері туралы нақты ұсыныстар берді.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау, буллингтер мен бопсалаушылықтардың алдын алу тақырыбындағы дәріске барлық факультеттерден 500-ден астам студент қатысып, қылмыс пен құқық бұзушылықтың құрбаны болмау туралы дәрістер тыңдады. Айдын Қабдұлдинов студенттердің назарын заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке аударды.
Нашақорлық пен есірткі тарату қоғамның маңызды мәселелері болып қала беретінін де атап өтті. Көбіне есірткі сатушылар жастарды есірткі жасырушы ретінде пайдаланады. Орташа алғанда, мұндай «бизнеске» қатысатын жасөспірімдерді полиция қызметкерлері 2-3 айда ұстайды. Есірткі айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Бұған адамның есірткі өндіру, жасыру, сатып алу мен сақтау сияқты әрекеттері арқылы есірткіге ие болуына әкелетін кез келген әрекет жатады.
– Біздің елде есірткіні жарнамалау мен насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұған граффити жазуларын қолдану, хабарландырулар немесе QR кодтарын тарату, форумдарда немесе мессенджерлерде есірткі туралы оң пікірлері бар хабарламалар орналастыру жатады. Жаза 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді, – деп атап өтті облыстық полиция департаментінің бастығы.
Айдын Қабдұлдинов жоғары оқу орнының болашақ түлектерін ішкі істер органдарына жұмысқа орналастыру мәселесін қарастыруды ұсынды.