«Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында белгілі болғандай, Қызылжар ауданында 40 ауыл бар болса, соның 26-да қазақ мектебі түгіл, қазақ сыныптары жоқ. Басқа аудандардағы жағдай да аса мәз емес. Әсіресе, оңтүстік өңірлерден көшіп келген отбасылардың балаларына орысша оқу қиын тиіп тұр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Көптеген ауылдарда Совхозная, Октябрь, Ленин сияқты әбден ескірген көше атаулары жетіп артылады. Тіпті Айыртау ауданындағы Қарақамыс сияқты таза қазақ ауылдарындағы көшелердің атауларының өзі орысша. Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд ауылындағы Октябрь көшесіне ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың атын беру үшін тұрғындар қол жинап, аудандық әкімдікке берген. Неге екені белгісіз, мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. «Miras» кеңесінің кезекті отырысында аудан әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева бұл мәселені өз бақылауына алатынын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы 3 жылда 38 елді мекендегі 139 көше қайта аталған. Виноградов, Якорь, Петерфельд, Рассвет ауылдық округтерінің көшелеріне Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев және Сәбит Мұқанов есімдері берілген. Бірақ алдағы уақытта атауын ауыстыруды қажет ететін ауылдар бар екенін мойындады. Соның бірі – тас жолдың бойынша тұрған Чапаев ауылы. Бұл мәселе бұған дейін де «MIRAS» кеңесінің отырысында көтерілген болатын.
Кеңес төрағасы Ербақыт Амантайұлы аудандар әкімдерінің орынбасарларына барлық елді-мекендерде қазақ сыныптарына қажеттілікті анықтап, мүмкіндігінше ашу, идеологиялық жағынан ескірген атауларды ауыстыруға атсалысу қажеттігін ескертті. Әсіресе, республикалық трасса бойындағы егемен елдің бүгінгі саяси ұстанымына сай келмейтін атауларды ауыстыратын кез келгенін қадап айтты.