Жыл басынан бері облыста табиғатты қорғау полицейлері аң аулау ережелерін бұзудың 583 және балық аулау ережелерін бұзудың 303 фактісін анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Күз айларын аң мен балық аулауды ұнататындар асыға күтеді. Осы кезеңде полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға бағытталған рейдтерді белсенді жүргізеді. Аңшылар тарапынан жасалатын заңбұзушылықтардың қатарына қаруды жиналған және тиелген түрде тасымалдау жатады. Соның салдарынан аң аулау кезінде жазатайым оқиғалар орын алуы мүмкін. Бұл үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабына сәйкес ескерту немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Аң аулау ережелері табиғи ресурстарды заңсыз пайдалануға тосқауыл қойып қана қоймай, адамды да қорғауға арналған.
Ал бұл мезгілде балық аулаушылар рұқсат құжаттары жоқ су қоймаларына жиі барады. Жауапты мекеме беретін анықтама қағазынсыз бес килограмнан аспайтын салмақта ғана балық аулауға болады.