Қалалық кәсіподақ ұйымы ұстаздар күніне орай 30 мұғалімді марапаттады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Салтанатты шарада сөз алған қалалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәлима Мәкішева білім беру саласында еңбек етіп жүрген мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Шәкірт тәрбиесімен айналысып жүрген баршаларыңызға шығармашылық табыс тілеймін. Оқушыларыңыз биік белестерді бағындырып, үміттеріңізді ақтасын, — деді Сәлима Мәкішева.
Шара барысында облыстық кәсіподақтық Құрмет грамотасы №43 орта мектептің мұғалімі Сәбира Байбусиноваға және Абай атындағы қазақ мектеп-гимназияның педагогы Назгүл Балағановаға берілді. Ал республикалық кәсіподақтар ұйымының Құрмет грамотасы «Алтын бесік» балабақшасының қызметкері Анар Есқұлова және №32 орта білім ордасының мұғалімі Ирина Комиссароваға табысталды.
«Білім кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» атты төсбелгісіне Татьяна Вострякова ие болды.
Салатанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты.