Жыл басынан бері облысымызға 2331 адам қоныс аударды деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сәйкес, жыл басында 804 отбасыны, яғни 2798 адамды солтүстікке көшіру жоспарланған болатын.
– Соңғы 9 айдың ішінде түскейден солтүстікке 2055 адам келсе, шетелден 138 қандас Қызылжар өңірінде қоныстанды. Оларға мемлекет тарапынан Әлеуметтік Кодексте көрсетілген экономикалық ұтқырлық сертификаттары табысталды. Бұл құжат қоныс аударушылар мен кандастарға үй сатып алуға, салуға немесе бастапқы жарна ретінде пайдалануға беріледі.
Экономикалық ұтқырлық сертификаты отбасы үшін тұрғын үй құнының 50 пайызы, яғни 4 млн. теңгеден аспайтын мөлшерде беріледі, — дейді СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Назерке Тасқұлова.
Жыл басынан қоныс аударушылар мен қандастарға 108 сертификат берілді, ол шамамен 376,6 млн. теңге сомасын құрады.