Солтүстік Қазақстан облысында өз балаларын зорлаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұған дейін облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов журналистерге ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында балаларға жасалатын жыныстық зорлық-зомбылық фактілеріне тоқталған болатын. Өңірдің бас полицейі М.Жұмабаев ауданында тіркелген оқыс оқиға туралы айтқан еді. Естеріңізге салсақ, Өзбекстан азаматы мас күйінде кәмелетке толмаған қызын зорлаған.
Аталған іс сотта қаралып, ер адамның екі баласын, яғни қызы мен ұлын 2020 жылдан 2023 жылдың қаңтар айына дейін бірнеше рет зорлағаны анықталды.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің жауаптарынан, куә болатын айғақтармен, сараптамалардың қорытындылармен дәлелденді. Бірақ күдікті және оның заңды қорғаушысы айыптаулармен келіспей отыр. Сот ер адамның қылмысты мас күйде жасағанын назарға алған жоқ. Жасалған қылмыстың сипаты, қоғамдық қауіптілік дәрежесі, істің мән-жайы, кінәлінің жеке басы есепке алынып, аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылатындығы ескеріліпсот барынша қатаң жаза тағайындау қажеттігі туралы қорытындыға келді.
— Сот үкімімен ер адамға педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — деп хабарлайды қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот мамандары.
Тағайындалған жазаны өтеу орны — төтенше қауіпсіздік мекемесі. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.