Қызылжар ауданына қарасты Плоское ауылында ірі қара малдан бруцеллез анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері Плоское ауылында 12 ірі қарадан бруцеллез анықталды. Аурудың соңғы дерегі қыркүйектің 28-і күні тіркелді.
– Бруцеллездің алғашқы дерегі «Баекенов» жеке кәсіпкерлігінің қорасындағы малдан наурыздың 10-ы күні анықталды. Жұқпалы ауруға 4 ірі қара шалдықты. Кейін жеке тұрғынның ауласында зертханалық зерттеулерден соң 8 малда белгілі болды. Барлық мал сойылды. Елді мекенде шектеу шаралары енгізілді, — дейді облыстық ветеринария мамандары.
Жыл басынан бері облыста бруцелелезге 195 мал шалдықты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір аз. Былтыр жұқпалы ауру 779 ірі қарада анықталды.