«Amanat» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдастыруымен Мағжан Жұмабаев ауданында азаматтарды көшпелі қабылдау өтті. Аудан орталығы мен көрші ауылдардың 20 тұрғыны ТКШ, құрылыс, әлеуметтік қорғау, байланыс, газбен қамтамасыз ету саласына қатысты мәселелермен және заңгерлік кеңес алу үшін жүгінді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Булаев қаласының тұрғыны Наталья Кучерявая аудан орталығын «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қосу мәселесін шешуді сұрады. Қазіргі уақытта мұнда 4 мектеп, аудандық аурухана және бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана жұмыс істейді. Десе де білім және денсаулық сақтау салаларында кадр тапшы.
– Қаламызға 4 дәрігер, 3 медбике, 2 фельдшер, 3 педагог жетіспей отыр. Аудан орталығы ауылдар санатына жатқызылмағандықтан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жұмыс істемейді. Жастарды бізге тарту үшін Булаев қаласына елді мекен мәртебесін беру қажет деп ойлаймын, — деді Наталья Кучерявая.
Өз кезегінде қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шарттарын қайта қарау туралы өтініш міндетті түрде қаралатынын жеткізді.
Қоғамдық қабылдауға келгендер жол мәселесі туралы да айтты. Ауданның 11 тұрғыны Булаев қаласында, Возвышенка, Бастомар, Қарақоға, Пролетарка, Чистовское, Қарағанды ауылдарында кентішілік және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеу мәселесін көтерді. Белгілі болғандай, аталған учаскелерде құрылыс жұмыстарын жүргізуге техникалық құжаттама бар, қаражат бөлінгеннен кейін келесі жылы бұл мәселе міндетті түрде шешіледі.
Өткен жылдың басынан бері мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері 59 елді мекенге барып, тұрғындардан 492 өтініш қабылдады.