Петропавлда жалған террорист «SOS» батырмасын пайдаланған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 қазан күні түскі уақытта белгісіз біреу полицияға хабарласып, Петропавл қаласын жарып жіберетінін айтқан. Ер адамның Қазақстан Конституциясы мен Казахстанская правда көшесінің қиылысында орналасқан «SOS» батырмасын пайдаланғаны белгілі болды. Оқиға орнына бірден патрульді полиция батальонының қызметкерлері жетіп, телефон шалған күдіктіні ұстады. Ол Өскемен қаласының 44 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұған дейін бірнеше рет сотталған.
Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның мас екендігі анықталды. Айтуынша, мұндай қадамға баруына жеке басындағы қиындықтар себеп болған. Аталмыш факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама тарату» бабы бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.
Полицейлердің айтуынша, лаңкестік актісі туралы жалған хабарламалар құқық қорғау және арнайы органдардың жұмысын тежейді, хабарламаны тексеруге айтарлықтай күш жұмсалады. Қылмыстың бұл түріне 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.