Облыста 537 мыңға жуық адам тұрады, оның 14 пен 35 жас аралығындағылардың саны – 134 мың адам. Ол жалпы өңір тұрғындарының 25 пайызын құрап отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биыл облыстағы жастардың қатары біршама өскені байқалады. Шамамен өңірге 37 мыңнан астам жас қоныс аударған. Әрине олардың саны артқандықтан, жұмысқа орналастыру мәселесі де өзекті.
– Жыл басынан бері жастар ресурстық орталықтарына жұмысқа орналасу мәселесімен 1052 адам жүгінді. Олардың 864-не тиісті көмек көрсетілді. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен жастардың үй сатып алуға немесе баспана тұрғызу мақсатында жеңілдетілген несиелер берілді. Оның сомасы 229,9 млн. теңгені құрап, осы мүмкіндікті 46 жас маман пайдала алды. Сондай-ақ аудан бюджеттерінен 431 маманға көтермеақы бөлінді. Ол 148,7 млн. теңгені құрады, – дейді СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулин.
Облыста «Бастау бизнес» жобасы аясында да жастарға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Биылдың өзінде кәсіпкерлік курстарынан 691 адам өтті. Жыл соңына дейін жастардың кәсіп ашуына 130 шағын несие беру көзделіп отыр.
– Жастар кәсіпкерлігін нығайту мақсатында шағын несиеге 650 млн. теңге қарастырылған. Бүгіндері байқау комиссиясы 14 жиын өткізді. Жастардан түскен 123 өтініш қаралып, 121-і мақұлданды. Оның сомасы 530,2 млн. теңгені құрады, – дейді Асқар Хабибулин.