Илон Макс компаниясы алдағы жарты жылдың ішінде еліміздегі шалғайда орналасқан 2 мың ауылды Интернетпен қамтамасыз етеді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
— Форумға «SpaceX» төрағасының орынбасары (SpaceX Starlink бизнес-операциялары жөніндегі директоры Лорен Дрейер) келген болатын. Онымен екіжақты кездесулер өтті. Ол Президент мырзамен кездесуі барысында пилот ретінде шалғайдағы 2 мың ауыл мектебін «SpaceX Starlink» технологиясы арқылы интернетке қосуға келісімін берді. Біз көп ұзартпай, жарты жылдың ішінде 2 мың ауылдағы мектепті Starlink арқылы жылдамдығы жоғары Интернетке қосамыз, — деді министр «Digital Bridge 2023» халықаралық технологиялық форумы аясындағы брифингте.
Оның атап өтуінше, «SpaceX Starlink» технологиясының игілігін тек мұғалімдер мен оқушылар ғана емес, сонымен қатар ауыл тұрғындары да көреді.
— Меніңше, ол жалпы ауылдағы Интернетке қосылам деушілерге үлкен мүмкіндік береді. Өйткені, ол ауылдарда 200-ден 500-ге дейін адам тұрады. Олардың ішінде интернет мүлдем жоқ ауылдар да бар. Сол ауылдарға 100-200 Мбит-тік интернет жеткізілген кезде тұрғындар мектептегі интернетті пайдаланып, өздеріне қажетті сервистерді жүктей алатын болады, — деді Бағдат Мусин.