Солтүстікқазақстандық велошабандоз Алексей Луценко «Түркия туры» көпкүндігінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бірнеше күнге созылған веложарыстың соңғы күнінде «Alpecin-Deceuninck» намысын қорғайтын бельгиялық Йеспер Филипсен мәре сызығын бірінші болып қиды. Екінші орын «Астана» намысын қорғайтын нидерландтық Кейс Болға бұйырса, үздік үштікті италиялық Джованни Лонарди («EOLO-Kometa») түйіндеді.
«Астана» капитаны Алексей Луценко жарыстың аталған сатысында сегізінші келді және велокөпкүндіктің бас квалификациясын бірінші орынмен аяқтады.
Қазақстандық команда сапынан Микеле Гадзоли — 13, Харольд Техада — 28, Глеб Сырица — 121, Марк Кавендиш — 126-орынға жайғасты.
Айта кетсек, қазақстандық Алексей Луценко Азия ойындарында шосседегі веложарыста ұзындығы 39,6 шақырым қашықтықта 48:05.75 нәтижемен үздік шықты.