СҚО полицейлері колледждің екі студентінің есірткі таратумен айналысқанын анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавлда есірткі өткізді деген күдікпен облыстағы аудандардың бірінің 18 және 21 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Жігіттердің екеуі де толық отбасында өскен, спортпен шұғылданып, колледжде білім алған. Жасы кішісінің спорттық жетістіктері бар.
Шілде айында жастарды СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі таратып жүрген жерінде ұстады. Олардың біреуінен кесектелген зат бар 21 түйіншек тәркіленді. Екінші жігіт көрсеткен есірткі жасырылған орыннан тағы 2 түйіншек табылды. Барлығы 19,81 грамм болатын мефедрон тәркіленіп алынды. Бұл ең қауіпті синтетикалық есірткілердің бірі болып табылады.
– Белгілі болғандай, күдіктілердің бірі есірткі сататын интернет-дүкенде бір айға жетер-жетпес уақыт қана жұмыс істеп үлгерген. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
СҚО полицейлері 9 айдың ішінде есірткі заттарын өткізудің 84 фактісін тіркеді.