Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Ақжар ауданына барды. Өңір басшысы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, Талшықта бой көтеріп жатқан хоккей кортында болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі аудан тұрғындарымен әңгімелесіп, өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқыланды. Жұртшылық ауыл көшелерін, сондай-ақ облыстық маңызға ие «Казгородок–Горковьское» жолын жөндеу жайын қозғады. Ғауез Торсанұлы көпшіліктің ұсыныстары басты назарда ұсталып, келесі жылдың жоспарға енгізілетін жеткізді.
Бұдан соң аудан орталығындағы орталық қазандыққа барып, жылу желілерінің жұмыс барысын бақылады. 2021 жылы іске қосылған орталық қазандықтың жылумен қамтамасыз ететін желісінің ұзындығы – 7 шақырым, оған 14 әлеуметтік нысан қосылған. Жобалық қуаттылығы 10,5 гигакалорияға тең. Нысанды «Сапро-НАТ» ЖШС сенімді басқаруға алған.
Өңір басшысы болған ғимараттың бірі – 80 орынға лайықталған «Batyr» жабық хоккей корты, оны салуға 215,9 млн. теңге бағытталған. Жалпы аумағы – 2242,7 шаршы метр.
«Талшық Астық LTD» ЖШС иелігіндегі элеватордың сыйымдылығы – 209 мың тонна. 9200 тоннаға шақталған қоймалар бар, сағатына 30 тонна астықты тазалап-кептіре алатын үш құрылғы бар.
Өңір басшысы Ленинград ауылдық округіне қарасты Дәуіт ауылында орналасқан «Бекет» шаруа қожалығы мен «Нұр КААД Агро» ЖШС-де болды. Марат Шәпенов басқаратын «Бекет» ШҚ мал және егін өсірумен шұғылданады. Шаруашылық қаражатына тұрғызылған заманауи тауарлы-сүт фермасында симменталь тұқымды сиырлар сауылады. Бағымдағы ірі қараның саны – 2876 бас, жылқы– 3158 бас. Мұнда 73 адам еңбек етеді.
«Нұр КААД Агро» серіктестігінде жұмыс істеп тұрған диірменнің тәуліктік қуаттылығы – 45 тонна. Бұдан бөлек, 7156 гектар ауыл шаруашылығы жері бар.
Облыс әкімі осында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесіп, ой-пікірлері мен ұсыныстарын зейін қоя тыңдап, сауалдарына жауап берді.