Петропавлдағы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында Республика күніне орай салтанатты жиын өтті. Шараға қатысқан облыс әкімі жиналған қауымды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ұлттық мерекенің маңыздылығына тоқталып, барша қауымға ізгі тілегін жолдады.
— 25 қазан – еліміздің дамуына айтарлықтай әсер еткен, ерекше тарихи маңызы бар күн. Бұл – еліміздің тәуелсіздігіне жасаған алғашқы нық қадам. Ата-бабаларымыздың арманы болған бүгінгі күннің әр таңын құрметтеу – баршамыздың міндетіміз. Еліміздің даму жолында бірлікті ту етіп, адал еңбекті жоғары қоятын солтүстік жұртшылығы, ұлы мерекенің ұлағатын болашақ ұрпаққа насихаттауды жалғастырады деп сенемін, — деп атап өтті өңір басшысы.
Салтанатты жиын барысында марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі еліміз бен өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар солтүстікқазақстандықтарға «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерін, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалдарін, ҚР Құрмет грамотасын табыс етті. Жиыннан соң жиналған қауым мерекелік концертті тамашалады.