Биыл Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында ұлттық құрама сапында жеті жерлесіміз өнер көрсетіп, қоржынға төрт жүлде салды. Ел мерейін үстем еткен солтүстікқазақстандықтарды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтап, сый-сияпат көрсетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық әкімдіктегі салтанатты жиынға өңірдің спорт саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлер, ардагерлер, Азия ойындарының жүлдегерлері мен олардың жеке бапкерлері қатысты. Шарада бірінші болып сөз алған Ғауез Торсанұлы спортшылардың жетістіктеріне тоқталып, оларға алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.
– Азия ойындарында ұлттық құрама сапында жеті жерлесіміз өнер көрсетті. Биылғы додада солтүстікқазақстандықтар бокс, веложарыс, велотрек пен волейбол бақтарын сынады Қуанышымызға орай, үш атлетіміз төрт бірдей жүлделі орынға ие болды. Велошабандоздар Алексей Луценко мен Артем Захаров жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жарыста Алексейдің мәрттігін көрдік. Мәре сызығына жақындаған тұстағы оның әрекеті барша спортсүйер қауымды сүйсінтті. Сондай-ақ облыс тарихында тұңғыш рет боксшы қызымыз Наталья Богданова қола медаль еншіледі. Олар бұл жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмай, Парижге жолдама алып, көк байрағымызды сонда желбірететініне сенімдімін, – деді облыс әкімі.
Ел намысын қорғаған Азиада жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай сыйлықтар табысталды. Азия ойындарының алтын және күміс медаль иегері атанған Алексей Луценкоға 1,5 млн. теңге берілсе, оның жеке бапкері Виктор Потаповқа 500 мың теңге табысталды.
– Азиададағы алғашқы жеңістен соң топтық жарыс күтіп тұрды. Евгений Федоров екеуіміз суырылып алға шығып, көш бастадық. Дмитрий Груздев пен Глеб Брусенский соңымыздан еріп, өзге қарсыластардың қарқынын басып отырды. Мәре сызығына бір шақырым қалғанда жеңісті Евгенийге беремін деп шештім. Ол өткен жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған, ересектер арасында да алтын жүлдеден үмітті еді. Мен оның жолын кеспей, бірінші орынды сыйладым. Сый-құрмет көрсеткен облыс басшылығына алғыс білдіремін, – деді Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы Алексей Луценко.
Азия ойындарында қола жүлдегер атанған жерлестеріміз де сый-құрметсіз қалған жоқ. Влеотректе үшінші сатыға жайғасқан Артем Захаровқа 750 мың, жеке бапкері Сергей Данникерге 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Бокстан өңір тарихында тұңғыш рет Азиаданың қола жүлдесін еншілеген Наталья Богдановаға 750 мың және жаттықтырушысы Дастан Қабденовқа 500 мың теңге берілді.
– Облыс басшылығы тарапынан әрқашан қолдау көрсетіледі. Біз өңір абыройын қорғауға барымызды салдық. Нәтижесінде шәкіртім Наталья Богданова қола жүлдегер атанды. Алдағы мақсат – Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алу. Әйелдер арасындағы әлем чемпионатында топ жаруға тырысамыз, – деді білікті бапкер Дастан Қабденов.