Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы астық кептіру орнында 100 тонна күнбағыс тұқымы жанып кетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ТЖД-ның мәліметінше, өрт оқиғасы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығында орналасқан «Ақ нан север» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аумағында тіркелді.
– Өрт жайлы хабар «101» пультіне қазанның 25-сі күні сағат 01:22-де түсті. Оқиға орнына жеткен № 16 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері қызыл жалынды сағат 07.19-да өшірді. Жеке құрамнан 21 адам, 4 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ серіктестіктің отты ауыздықтауға ерікті өртке қарсы құрылымның мамандары қатысты, – дейді СҚО ТЖД баспасөз қызметіндегілер.
Өрт астықты кептіруге арналған металл қондырғыда орын алды. От қазандық шатыры және күнбағыс тұқымдарын жойды. Қызыл жалынның шарпыған аумағы 274 шаршы метрді құрады.
Өрттің шығу себебі, технологиялық процестің бұзылуынан орын алуы ықтимал деп болжануда.