Футболдан ел біріншілігі аяқталды. Чемпионаттың соңғы турында жерлестеріміз өз алаңында қызылордалық «Қайсар» командасын қабылдады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ойынның бірінші минуттарынан бастап «Қызылжар» клубының аяқдопшылары қарсылас қақпасын шабуылдады. Өкінішке қарай, жерлестеріміздің бірде-бір соққысы қақпаға дарымады. Көпке дейін есеп ашылмады.
Матчтың екінші бөлімінде де қызылжарлықтар есепті бірінші болып ашуға тырысты. Ойынның 68-ші минутында «Қайсар» клубының қақпасына пенальти белгіленіп, нүктеге келген Иван Графтың соққысы қиыс кетті. Кейін де жерлестерімізде бірнеше мүмкіндік болды. Бірақ футболшыларымыздың бағы жанбады.
Кездесуде доп иелігі бойынша басымдық жерлестерімізде болса да, қонақтар жалғыз голдың арқасында жеңіске қол жеткізді. Бұрыштамадан әуелеткен допқа Бен Загре жетіп, матчтың нүктесін қойды. Осылайша, ел біріншілігінде «Қызылжар» клубы 39 ұпаймен 5-ші орынды еншіледі. Ал «Қайсар» командасы 36 ұпаймен 6-шы орында тұрақтады.
Жексенбі елімізде Ұлттық аза тұту күні жарияланғандықтан кездесу жанкүйерсіз өтті.