Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында «Ұлпан» спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовтың режиссерлігімен сахналанған «Ұлпан» спектаклінде нағыз ерді ардақтау арқылы елдіктің іргесін бекіткен, халқының ризық-берекесін қарақан басының бақытынан артық санаған өте ақылды, дана, дегдар әйелдің образы сомдалады.
– Бүгін тұсауы кесілген спектакль – аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлы қоғам қайраткері болған Ұлпан анамызға қойған ескерткішіміз. Қай іс болмасын, қиындығы мен қызығы қатар жүретінін естен шығармағанымыз абзал болар. Сәбеңнің атын алған өнер ордасы қазіргі кезде жас мамандармен толыққаны да «Ұлпанның» ел алдына шығуына өз септігін тигізді. Талантты, талапты жастар тұрғанда өнердің ең күрделісі – театрдың да келешегі кемелдене түспек, – дейді режиссер Болат Ұзақов.
Ұлпанның рөлін Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Дильназ Қабдырова сомдады. Бұл жас маманның үлкен сахнадағы алғашқы рөлі болғандықтан оңайға түспеді.
– Өнер жолын енді бастап жатқан маған Ұлпан рөлі бұйырғанын зор жетістік деп бағалаймын. Бұл шығармада әйелдердің орны от басы, ошақ қасы ғана емес, билікте отырса да, елдің қамын ойлайтын тұлға болатынын көрсетеді. Әйел заты бәрін де сезеді, ел үшін қолынан келгенін жасайды. Осы бір қайсар мінез бен дала даналығын бойына қатар сіңірген жанды сомдау оңайға түспеді. Ұлпанның кішкентай кезіндегі жеңіл, ойнақы мінезінен есейіп, ел анасына айналған шағына дейінгі өмірін көрсетуге барымды салдым. Образға енуде қиындықтар туындады. Елден безгендей күй кештім. Себебі Ұлпанның жолы – ауыр жол, – дейді Дильназ Қабдырова.
Еменалыны – Әлібек Малгаждар, Тілемісті – Асылхан Разиев, Тілеубек биді – Өркен Ахметов, Мүсірепті – Нұрбол Асқаров, Шыңғысты – Тұрақ Дұрысбеков, Күниязды – Нұрхан Салауатов, Шынарды – Мақпал Серкебаева, Саврасовты – Димаш Серікұлы, Пушкарды – Ислам Жақсылық, Коцухты – Әлинұр Мәмбетқұл, Ақсақалды – Ернұр Аралтаев сахналаған қойылым елдің жүрегінен орын алғаны сөзсіз.