«Қазақстанның үздік тауары-2023» көрме-байқауына 20 өңірден барған 180 кәсіпорын қатысып жатыр. Қатысушылардың қатарында облысымыздың бірнеше тауар өндіруші компаниясы бар, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Астана қаласында «ЕХРО» халықаралық көрме павильонында «Қазақстанның үздік тауары-2023» көрме-байқауы өтті. Бұл байқауға аймақтық сыннан сүрінбей өткен тауар өндіруші кәсіпорындар қатысты. Солардың ішінде солтүстікқазақстандық жеті өнеркәсіп компаниясы бар. Олар – «Петропавл электротехникалық зауыты», «АБД-Орман», «Казмясопродукт», «ЭкоМолСергеевка», «Регион 715», «Радуга», «SMB Group Family» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
— Петропавлда «Қазақстанның үздік тауары» көрмесі шілде айының басында өтіп, «Үздік азық-түлік тауарлары», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымдары бойынша тоғыз жеңімпаз анықталды. Өкінішке қарай, біздің жеңімпаз кәсіпорындардың барлығы елордада өткен көрмеге қатыса алмады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Марат Ысқақов.
Облыста өткен іріктеу кезеңінде «Казмясопродукт, «МолСервис», «ЭкоМол Сергеевка» серіктестіктері «Ең үздік тауар» атағын жеңіп алды. Ал «Халыққа арналған үздік тауарлар» марапатын «Радуга», «Регион 715» пен «АБД-Орман» серіктестіктері иеленді. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы полипропилен өндіруші «SMB Group Family», электротехника тауарын өндіруші «Петропавл электротехникалық зауыты» мен электрожабын жасаумен айналысатын «Изолит» серіктестігіне бұйырған еді.