Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық полиция департаментінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкіміне полиция департаментінің материалдық-техникалық базасы көрсетіліп, жедел басқару орталығының жұмысы таныстырылды.
СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жалпы ұзындығы 1347 км болатын республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы жолда тәртіпті қадағалайды. Қызметкерлердің кәсібилігі облыс тұрғындары мен қонақтары үшін жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді.
Жақында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальонының қолданысына «Кибер-шериф» деп аталатын заманауи екі мобильдік борттық аппараттық-бағдарламалық кешен берілді. Құрылғылар патрульдік автокөліктердің төбесіне орнатылады және жол жүрісі қағидаларының барлық негізгі бұзушылықтарын автоматты түрде тіркейді.
Полицейлер қару-жарақ пен арнаулы құралдарды, жедел-криминалистикалық басқарманың жарақтандырылуын, кримлаборатория мен басқа да қызметтік автокөліктерді көрсетті. Облыс әкіміне «102» мобильді қосымшасының мүмкіншіліктері, сондай-ақ кез келген ауа райында патрульдік полиция пайдаланатын бейнетіркегіштердің жұмысы көрсетілді. Ғауез Нұрмұхамбетов тәртіп сақшылардың жалпы дайындығына оң бағасын беріп, полицияны заманауи техникамен және ресурстармен техникалық жарақтандыруды кезең-кезеңмен нығайту қажет екенін атап өтті.