СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткен 10 айды қорытындылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Соңғы 10 айдың ішінде полицейлер есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың 224 фактісін анықтады. Белгілі болғандай, өңірде биыл өткен жылмен салыстырғанда нашаны сату деректері біршама өсіп, 91 деректі құрады. Ал ұсталған азаматтардың тең жартысы 25 жасқа дейінгі жастар болып шықты.
– Бүгіндері қоғаммен тығыз байланыс орнату мақсатында телеграмм мессенджерінде арнайы жеделхат-бот жұмыс істеп жатыр. Бұл арнаға қала тұрғындары есірткі таратумен айналысқан, күмән туғызып отырған жастардың әрекеттері жайлы ақпарат қалдыруға мүмкіндіктері бар. 12 қазаннан бастап пайдаланушылар оған 7 өтініш жіберді. Барлығы интернеттегі есірткі курьерлерін жалдау туралы хабарландыруларға қатысты болды. Барлық фактілер расталды, сілтемелер бұғаттау үшін ҚР ІІМ-ге жіберілді. Есірткі сатуда күдіктілерді ұстауға көмектесетін хабарламалар үшін ҚР ІІМ жүйесінде 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы көзделген, — дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Жыл басынан бері СҚО полицейлері заңсыз айналымнан 735,561 кг есірткі затын тәркілеген. Оның ішінде марихуананың рекордтық 464 кг анықталды. Сондай-ақ, облыс аумағында екі фитолабораторияның қызметі тоқтатылды. Есірткі жарнамасына күдікті 7 адам ұсталды.